Тақырып 2. Қоғамдық өндірістің негіздері

 

1.Экономикалық қорлар (ресурстар) және өндіріс факторлары.

2.Өндіріс және ұдайы өндіріс

3.Өндіру, бөлу, айырбастау және тұтыну.

 

Қоғамдык өндіріс – адамдар өмірінің негізі. Қоғамдық өндіріс адамның табиғатпен екі арадағы өзара әрекетінің процесін (бұл өндіргіш күштердің жайын сипаттайды) және осы кездегі майда болатын экономикалық қатынастардың (өндіріс процесінің қоғамдық жағын) жиынтығын қамтиды. Адамның табиғатпен екі арадағы өзара әрекетінің процесі дегеніміз – еңбек процесі, ол әрқашан да белгілі бір қоғамдық түрде өтіп жатады.

Еңбек процесіне мыналар жатады: 1) адамның еңбегі: 2) еңбек заты және 3) еңбек құралдары.

Еңбек – адамның өзіне қажетті игіліктерді өндіру үшін жұмсаған дене және ақыл-ой энергиясы. Адамға ғана тән ерекше қасиет – еңбек арқылы ол табиғат заттарына ықпал жасап, түрін өзгертеді, өндейді. Сөйтіп өнім шығарады және оны реттейді, бақылайды.

Адам еңбегінің ерекшеліктері бар. Оның бастылары: саналылығы, алдын-ала ойлап істеу, нақтылы мақсат қою, нәтижелі жұмыс атқару, еңбек құралдарын жасау және жетілдіру, мамандық шеберлігін арттыру, керегін табиғаттан қажетінше алу, оны қорғай білу т.б.

Барлық адамзат қоғамында өндірістің негізгі жағдайы болып есептелетін адамның дене және ақыл-ой қабілетінің жиынтығы, оның еңбекке деген қабілеті – жұмыс күші болады.

Еңбек бөлісінің тереңдей түсуі, еңбек пен өндірісті қоғамдастырудың формалары жиынтық жұмысшы күшін құрайды және қалыптастырады. Жұмыс күші қоғамдык өндіргіш күштің – бірінші және басты элементі.

Өндірісті ұйымдастыруға жұмысшы күшінің болуы жеткіліксіз. Оған қоса өндірістің заттық факторлары - еңбек заттары және енбек құралдары қажет.

Еңбек заттары еңбек ету процесінде адам әсер ететін табиғат заттары. Оған жататындар: шикізаттар, материалдар, қосалқы материалдар және т.б. Оларсыз өнім жасап шығару мүлдем мүмкін емес. Өйткені еңбек заттары сол өнімнің нақтылы негізі, тұлғасы.

Қоғамдык өндірісті ұйымдастырудын келесі факторы – еңбек құралы. Еңбек құралының түрлері көп. Олардың негізгілері: еңбек құралдары (машиналар, механизмдер және т.б.); өндірістің ыдыс жүйесі (құбырлар, сауыттар, бөлшектер және т.б.); жер, электр қуаты, бу, химиялық және ядролық реакциялар; өндірістік объектілер (құрылыстар, жолдар, өндірістік үйлер және т.б.). Міне осыларсыз қоғамдық өндірісті ұйымдастыру, адамға қажетті игіліктерді шығару тіпті мүмкін емес. Әрбір заман мазмұны және ерекшелігі не өндірілгенімен емес, оны қалай өндіргенімен бейнеленеді. Демек, қандай еңбек құрал-жабдықтармен өндірілгенімен сипатталады. Еңбек құрал-жабдығы – қоғамдық прогрестің айнасы.

Қорыта айтқанда, игіліктерді өндіру үшін оның қажетті жағдайлары жұмысшы күші, еңбек заттары, еңбек құралдарының жиынтығы ғана өндірісті ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұларсыз өндірісте ілгерілеу де, игіліктерді өндіру де, тіршілік те, адамзат қоғамының дамуы да жоқ. Осылардың жиынтығы өндіріс факторы деп аталынады. Бұлар әрқашанда үнемі өзара іс-әрекет және қимыл үстінде болады.

Сонымен өндіріс процесінде еңбек заттары мен еңбек құралдары бірігіп, өндіріс құрал-жабдықтарын құрайды.

Өндірісте: жұмыс күші – жеке фактор ретінде, ал құрал-жабдықтар – заттай факторы ретінде тығыз байланыста болады.

Өндірістің келесі факторлары – жер және капитал. «Жер» кең мағыналы ұғым, ол табиғаттың қойнауындағы барлық байлықтарды: жерді, су және орман ресурстарын, пайдалы қазбаларды және т.б. қамтиды. Жер түрлі мақсаттарда пайдаланылады. Алайда, олардың ішіндегі бастапқысы жердің ауылшаруашылығында пайдаланылуы болады.

Жердің табиғи қасиеті деп, яғни оның жаратылысына байланысты және жасанды қасиеті деп, яғни жерді суландыру, мелиорациялау, тыңайтқыштарды шашу және т.б. байланысты белгілеріне қарай екіге бөлінеді. Бұл жағдайлар жерден алынатын табысқа – жер рентасына әсер етеді.

Капитал деп тауарлар мен қызметтерді өндіруге қолданылатын, адамдар жасап шығарған өндіріс құрал-жабдықтары мен жинақталған ақшалай қаражаттарды айтады.

Маркстік теория өндіріс факторларын ерекше жіктейді: оған заттай факторлар (өндіріс құрал-жабдықтары) және жеке фактор (жұмыс күші) жатады.

Марксизмнің осылайша жіктеуінің зор маңызы бар, өйткені қосымша құнды (пайданы) факторлардың барлығы емес, оны тек қана жеке фактор (жұмыс күші) өндіреді.

Қазіргі ғылыми-техникалық революция өмірімізге бұрын мәні елеусіз болған, қазіргі кезде маңызды орынға шыққан өндірістің жаңа факторын әкелді. Ол – информация. Информация әлемдегі мемлекеттердін қай-қайсысының болмасын жаңа экономикалық өрлеу кезеңінде өсуінің және өмір сүруінің құдіретті күшіне айналды. Бүкіл дүние жүзілік шаруашылық жүйесінің және әлемдік нарықтың қалыптасуы, информацияны пайда табудың бұлағына айналдырды. Сондықтан информацияны қолға уыстап, үстемдік жасау жаңа экономикалык өрлеудің, демек, өндірістің негізгі факторларының біріне айналды.

Өндірістің жемісті дамуы үшін оның әрбір жаңа даму кезіне қажет жаңа факторлар пайда болады. Мысалы, кәсіпкердің қызмет, информация, технология, экология және басқа да факторлар қазіргі кездегі өндірістің құрамдас бөліктері.

Алайда, оған арқау болатын ең бастылары: еңбек, жер және капитал. Жеке, өзара оқшауланып бұл факторлар өнім өндіре алмайды және табыс әкелмейді. Сонымен, өндіріс дегеніміз оның факторларының өзара әрекеттерінің нәтижесі. Мейлінше көп өнімдер өндіру үшін, жекелеген кәсіпкерлер - өндіріс факторларының өзара үйлесімді қатынастарын табуды мақсат етуі қажет.

Игіліктерді өндіру бір жағынан, адам мен табиғаттың өзара әрекеттесуін, ал екінші жағынан шаруашылық қызметінде адамдардың өзара қарым-қатынас процесін бейнелейді. Алғашқы қалыптасқан өзара байланыстар өндіргіш күштер деп, ал екіншісі өндірістік қатынастар деп аталады. Бұл қатынастар қоғамдық өндірістің өзара тығыз байланысты екі жағы болады. Өндіргіш күштерге - өндіріс құрал-жабдықтары және белгілі бір өндіріс тәжірибесіне, еңбек дағдыларына ие болған әрі осы өндіріс құрал-жабдықтарын іске қосатын адамдар жатады. Адамдар – қоғамның өндіргіш күштерінің негізгі элементі.

Ғылыми-техникалық революция өндіріс факторларын қайта құрайды. Мысалы, өндіріс құрал-жабдықтары — информатика, есептеу-электрондық және компьютерлік техникамен өркендейді. Еңбектің сапалық жағынан ілгерілеуі болады: оны ғылыми ұйымдастыру пайда болды, қызметкерлердің біліктілік және интеллектілік деңгейі жоғарылап, адамның іскерлік қабілетінің рөлі мен маңызы күшейеді.

Экономикалық қатынастар дегеніміз – материалдық және рухани игіліктер мен қызметтерді өндіру, бөлу, айырбастау және тұтыну процесі кезінде адамдар арасында қалыптасқан қатынастар.

Экономикалық қатынастардың сипаты өндіріс құрал-жабдықтарына меншік формасы арқылы анықталады.

Олар, біріншіден, тек қана өндіріс салаларында ғана пайда болатын өндірістік қатынастардан, екіншіден, өндірістік емес сфералардан қалыптасатын қатынастардан құралады.

Экономикалық қатынастар өз құрылымы жағынан ұйымдық-экономикалық және әлеуметтік-экономикалық қатынастарға бөлінеді. Ұйымдық-экономикалық қатынастар дайын өнімді өндіру, бөлу және айырбастау, тұтынуды жүзеге асыруға байланысты қалыптасады. Оны ұйымдастыру формаларына: еңбек бөлінісі, еңбек кооперациясы, өндірісті шоғырландыру (фирмалардың іріленуі) және оның орталықтануы (көптеген шаруашылық орындарының біртұтас құрылымға бірігуі) және т.б.

Әлеуметтік-экономикалық қатынастар өндіріс құрал-жабдықтарына меншік түрі анықтайтын өндіріс жағдайларына байланысты адамдар арасында қалыптасады. Бұл қатынастар әрқашан да меншік иелерінің мүдделері бойынша дамиды.

Адамдардың шаруашылық қызметінің нәтижесінде қоғамдық өнім жасалады. Өз қозғалысында ол төрт - өндіру, бөлу, айырбас және тұтыну фазаларынан (сатылар) өтеді.

Өндіріс — барлық игіліктерді шығару процесі, әдепкі баспалдағы, тұтқасы мен тірегі. Қоғам өмірінде жетекші және анықтаушы тұлға. Сипаты, мазмұны мен мәні, мақсаты мен іс-әрекеті әртүрлі саладағы өндіріс әдістеріне үндес келеді.

Өндірілген өнімнің бөлінуі шарт. Бөлініс әртүрлі салалардың және жеке адамдардың үлесін анықтай отырып, барлық қоғамдық тіршілік салаларын қамтиды.

Айырбас дегеніміз, бір өнімнің басқа екінші өнімге алмастырылу процесі. Бөлу мен айырбас өзара сабақтас және өндіріспен тығыз байланысты. Бөлу мен айырбас арқылы өндіру мен тұтыну арасыңда байланыс орнайды.

Тұтыну дегеніміз, адамның қажеттілігін қанағаттандыру үшін жасалған игіліктерді пайдалану болып табылады. Тұтыну - өнімді пайдаланудың түпкілікті кезеңі.

Бұл аталған фазалар (сатылар) бірыңғай үндестікте, сапалық бірлікте, өзара тығыз байланысқан. Осындай сипатына байланысты ұдайы өндірістің біртұтас процесін құрайды және қалыптастырады.

Кез-келген қоғам жалпыға ортақ проблемаға – ресурстардың, яғни өз мүмкіншіліктерінің шектеулілігіне душар болады. Ол қоғамдағы қажеттілікті туындатады.

Қажеттілік дегеніміз адам мен қоғамның өмір сүруі мен дамуына қажет мұқтаждықтар болып табылады.

Адам қажеттіліктері сан қилы: материалдық, рухани, әлеуметтік т.б. Қажеттілікті қанағаттандыру барысында қоғамдық өндіріс екі сфераға бөлінеді. Себебі, олардың қоғамдық сипаты бар және көптеген адамдардың бірге өмір сүріп, өзара ынтымақтастықта болу қажеттігінен туындайды, қажеттіктердің қанағаттандырылу дәрежесі екі саланың дамуына байланысты: біріншісі, материалдық өндіріс, ал екіншісіне - материалдық емес салалар жатады.

Материалдық өндіріс салаларында (өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, құрылыс және т.б.) заттай игіліктер жасалады және материалдық қызметтер (көлік, сауда, тұрмыстық қызмет және т.б.) көрсетіледі.

Материалдық емес салаларға рухани инабаттылық пен басқадай қазыналар туындайды және соларға ұқсас (білім алу, мәдениетті болу және с.с.) қызметтер көрсетіледі.

Бұл екі сала үнемі өзара байланыста болады, қазіргі кезде олар күшейе түсуде. Кейбір елдердегі материалдық өндірістің қарқынды өсуі елдегі жұмысқа жарамды халықтың басым бөлігін (50-70%-ын) материалдық емес салаларда пайда табуға жол ашты.

Материалдық емес салалардағы қол жеткен ғылыми жаңалықтар, техникалық тапқырлықтар сияқты жетістіктер материалдық салалардың дамуына серпінді әсер етуде.

Қоғамның белгілі бір уақыт ішінде (мәселен бір жылда) өндірген барлық материалдық игіліктерінің жиынтығы қоғамдық жиынтық өнімді құрайды (). Ол материалдық өндіріс саласындағы қызметкерлердің еңбегімен өндіріледі.

Егер, қоғамдық жиынтық өнімнен өткен жылдардың затталған еңбек шығындарын (с) шегеріп тастасақ, таза өнім қалады (v+m). Ол негізінен тұтыну заттарынан және өндірісті ұлғайтуға пайдаланатын құрал-жабдықтардан тұрады.

Таза өнім қажетті  және қосымша өнім  болып екіге бөлінеді. Қажетті өнім  - материалдық игіліктерді өндіріс саласындағы қызметкерлердің күнелту үшін, өзіне және өзінің жанұясына, сондай-ақ оны оқыту, үйрету үшін жұмсалатын таза өнімнің бір бөлігі, яғни жұмыс күшін қалыпты ұдайы өндіруге қажетті бөлігі. Қосымша өнім (m) – бұл материалдық игіліктерді өндіру сапасындағы жұмысшылардың жұмыс күшін толықтыруға жұмсалған бөлігінен артылып қалған таза өнімнің бір бөлігі. Қосымша өнім өндірісті ұлгайтуға, қоғам мүшелерінің әл-ауқатын, мәдени дәрежесін арттыруға жұмсалады.

Қоғамдық өнім белгілі бір формада өндіріс дәрежесін немесс оның тиімділігін сипаттайды.

Өндіріс тиімділігі шығарылған өнім көлемі мен өндіріс факторларының шығындарының қатынасымен анықталады.

К.Маркстің экономикалық дәуірдің айырмашылығы не нәрсе өндіретіндігінде емес, оны қалай және қандай еңбек құралдарымен  өндіретіндігінде деген тұжырымы өз өміршеңдігін әлі де жойған жоқ. Шындығында еңбек құралы қоғамның өсу дәрежесін анықтайды. Ұзақ мерзімді қамтыған қоғам дамуының тарихы еңбек құралдарының даму тарихы десе де болады. Қазіргі ғылыми-техникалық прогресс – сонау алыстан басталған еңбек құралдарының жетілдірілуінің түпкі нәтижесі және  шарықтау шегі.

Бір кезде ең қарапайым еңбек құралдарына негізделген қоғамдық  құрылыс, өткен ғасырдың екінші жартысында технологиялық өндіріс ретінде ең жоғарғы дәрежесіне жетті.

Қоғамдық өндірісті дамытуға тек қана еңбек құрамының болуы жеткіліксіз. Оған қоса қажетті материалдар, тиісті технологиялар, қуаттар,  информациялар және өндірісті ұйымдастыру керек. Осылардың жиынтық мазмұны технологиялық өндіріс әдісі деп аталады. Сонымен, технологиялық өндіріс әдісі дегеніміз – қоғамдық өндірісті дамытуға қажетті еңбек құралы,  материалдар, технологиялар, қуаттар, информациялар және өндірісті ұйымдастырудың жиынтығы. Технологиялық өндіріс әдісінің даму сатылары бар. Оның қалыптасуы мен дамуының үш кезеңі бар: а) жәй еңбек кооперациясы: ә) мануфактура: б) ірі машиналы өндіріс.

Жай кооперация бір адамның басшылық етуімен біртекті жұмыс істейтін бірнеше адамды біріктіру болып табылады. Осылайша бір адамның адамның шамасы жетпейтін көптеген міндеттерді бітіруге және өте қажет экономикалық тиімділікке қол жеткізуді қамтамасыз етуге болады.

Мануфактура (XVI ғ. ортасынан XVII ғ. 70 ж.) (manus  - қол, facere – істеу, латынша) – бұл да еңбек кооперациясы; ерекшеліп онда еңбек өнімділігін арттыратын еңбек бөлінісі орын алған. Мануфактура қол еңбегіне негізделген.

Ірі машиналы өндіріс (XVIII ғ. соңы) - еңбек өнімділігі мен өндіріс тиімділігін арттыру арнасындағы маңызды қадам болып табылады. Ол техника мен технологияны түбегейлі өзгерістерге ұшыратады. Мұның өзі жаңа технологиялық өндіріс әдісіне өтуге мүмкіндік береді.

Үшінші кезеңді ірі машиналы өндіріске негізделген фабрика кезеңі деп те атайды. Себебі фабрика дамуы ұзақ мерзімді камтып, үнемі сапалық өзгерістерде болатын тарихи кезеңдерді басынан өткізді. Қазіргі әр алуан, көп нұсқалы негізге сүйенген жаңа технологиялық өндіріс әдісі - фабрика дамуының нәтижесі. Оның дамуының сапалық қорытындысы – ғылыми-техникалық прогресс.

ҒТП мәні, даму бағыттары. Ғылыми-техникалық прогресс өндірістің жаңа салаларының құрылып, жедел дамуына жеткізеді, салалар арасындағы тауар айырбасының, яғни қоғамдық өндірістің бір бөлімшесі ішіндегі айырбастың көбеюіне, еңбек құралдарын, шикізат пен материалдарды бір бөлімшеден екінші бөлімшеге жеткізіп беріп тұруды көбейтуге көмектесті. Бұл процестер аралық өнімді (одан әрі өңдеуге жататын және түпкілікті тұтынуға кетпейтін қоғамдық тұтас өнімнің бөліктері), демек, өндіріс салаларынын жалпы өнімін де арттырды.

XX ғасырдың елуінші жылынан басталатын ғылыми-техникалық революцияның өздеріне тән қазіргі көріністері және ерекшеліктері бар. Олар мыналар:

- ғылыми-техникалық прогресс кең ауқымды, универсалды сипатқа ие болды. Ол қоғам өмірінің барлық жақтарын қамтиды, тұрмыс жағдайына да, ұдайы өндіріс фазаларына да әсерлі ықпал етті.

Өндіріс пен еңбекті ұйымдастыру және басқару жүйесін мүлдем өзгертті, сапалық жаңалықтар енгізді.

- ғылым мен өндірістің интефациялық қатынасы жоғарғы дәрежеге жетті. Экономикалық өсу өрлеудің факторларын және қайнар көздерін, шаруашылық құрылымын және т.б. жағдайларлы күрт түрлендірді.

- жаңа принциптегі техника мен технология жасалынып, өндіріске енгізілуде. Сапалық жаңа өндіріс аппараты қалыптасып келеді. Жиынтық жұмысшы күші даму үстінде.

- қазіргі ғылыми-техникалық прогрестің ерекшеліктерінің бірі микроэлектрониканың жедел қарқынмен дамуы және пайдаланылуы. Микроэлектроникалық техниканың негізінде электрондық информация,  жасанды интеллектуальды элементтерді бойына дарытқан электронды есептегіш машиналар (ЭВМ) негізінде икемді автоматтандырылған өндіріс пайда болды. Бұл қазірдің өзінде, әсіресе, келешегіне қоғамдық өндірісті дамытудың негізгі факторына айналары сөзсіз.

- ғылыми-техникалық прогрестің қарқынды дамуы – қоғамдық өндірісті дамытуда ғылымның ролінің өскендігінің айқын белгісі. Ғылым мен өндіріс қосылып біртұтас процеске айналды. Демек, ғылымның өндіргіш күштердің тікелей элементіне айналғандығы жөнінде айтқымыз келеді. Осының негізінде:

- өмірге қалдықты аз қалдыратын немесе тіпті қалдықсыз технология келіп кірді. Мұның экономикалық және экологиялық маңызы өз алдына ерекше, өндіріске озық технологияны пайдалану қазіргі ғылыми-техникалық революцияның негізгі көріністерінің бірі; машина компонентіне және элементтеріне жаңа сапалық өзгерістер енді. Бұл жағдай адамның өндірістегі орны мен рөлін мүлдем өзгертті, жұмысты күрделендірді, жаңа биік талаптар қойды; казіргі ғылыми-техникалық революция ғаламдық сипатқа ие болды, бүкіл дүниежүзілік құбылысқа айналды; биотехника кең өріс алды.

Қазіргі ғылыми-техникалық прогресс өте тапшы шикізаттарды жасанды жолмен алынған заттармен алмастыруды негізгі бағыттарының біріне айналдырып отыр. Бұл материалдарды өңдеудің жаңа әдістерін одан сайын жетілдіріп және іс жүзінде пайдалануды тездетеді.

Ғылыми-техникалық революция жұмысшы күшінің сапасын жақсартуға жол ашады. Демек, бұл білім беру жүйесінде де революциялык өзгерістер енгізеді, келешегіне жағдай жасап, жан-жақты дамуына жол ашылады.

Егемендікке қолы жеткен жас мемлекет Қазақстан үшін мұның маңызы орасан зор: Білім беру жүйесін уақыт, өмір талабына сай қайта құру сөзсіз ізгі ниеттен туған, ұлы мақсатты көздейтін процесс екендігін естен шығармаған абзал.

Ғылыми-техникалық революцияның дүниежүзілік шаруашылық жүйесіне тән ортақ жағдайлары мен заңдылықтары бар. Олардың негізгілері мыналар: шаруашылық салаларының және экономиканың құрылымдық өзгеріске ұшырауы; техника мен технологияның бір типтегі түрлері; жиынтық жұмысшы күшінің кәсіптік-мамандық құрылымының өзгеруі және жұмысшы күшінің сапасына деген талаптың өсуі; еңбек өнімділігі және еңбек интенсивтілігінің артуы; жұмысшы күшінің әрдайым босап қалуы; өндірістік емес салада жұмыс істеушілердің үлес салмағының өсуі және т.б.

Ғылыми-техникалық прогрестің екі формасы бар. Ол: эволюциялық және революциялық формалар. Бірінші формасында өндіріске енгізілген техника мен технологияны жетілдіру және тарату процестері сол бұрынғы ғылыми-техникалық принципке негізделген.

Ғылыми-техиикалық прогрестің революциялық формасы өндірісте жаңа сападағы ғылыми-техникалық принциптерді пайдалануға негізделген. Бұл процесс қазіргі заманымыз – ғылыми-техникалық прогресс заманы екендігін көрсетеді.

Ғылымм-техникалық прогрестің тигізер әсері, әлеуметтік-экономикалық салдары және түпкі нәтижелерінің сипаты жекелеген қоғамдық-экономикалық формалардың бейнесіне тікелей байланысты, сонымен белгіленеді. Ғылыми-техникалық прогресс қоғамның барлық саласын дамытушы пәрменді күшке айналды.

Ғылыми-техникалық революиияның ықпалы мен нарықтық қатынасқа байланысты еңбекшілердің қоғам алдында қоятын талаптарының ауқымы өсті, түрлері көбейді. Қазір адам еңбек және тұрмыс жағдайын жақсарту және сауықтыру, еңбекақы дәрежесін жұмысшы күшінің ұдайы өндірісінің талабына сәйкестендіру, кәсіпорындарда жұмысшы бақылауын өндіруді кең түрде қолдану, өндірісті басқару және әлеуметтік мәселелерді шешуге құқылы болу, қоршаған ортаны аялау жөнінде өкімет басшыларының батыл шешім қабылдауын, еңбекке деген құқығын іске асыру, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық және қорғаныс қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы  сападағы жетістіктердің бәрін де бейбіт мақсатка пайдалану және т.б. талаптарды өткір қойып отыр.

Ғылыми-техникалық революция өндірісті жан-жақты интенсивтендірумен байланысты ұдайы өндіріс фазасы ретінде табиғаттың орны мен рөлі қарама-қарсы тенденцияға ие болды. Олай дейтініміз, бір жағынан, қазіргі технологияның дамуы өндірістің табиғи фактордан тәуелсіздігін бәсеңдетсе, екінші жағынан, оның рөлі барған сайын күшейіп (мысалы, ұдайы өндірістік процесте бұрын ескерілмеген немесе жете ескерілмеген ресурстар), әуе және космос кеңістігі, дүниежүзілік мұхит т.б. еніп отыр. Осылайша табиғат ресурстарын экономикалық айналымға қамту көлемі барған сайын арта түсуде. Бұдан, біртұтас экологиялық-экономикалық ұдайы өндірістік жүйе қалыптасты деп қорытынды жасауға болады. Адамдардың табиғатқа ықпалы қай қоғамда да қандай шаралар қабылдап, оны ақылмен ойластырып, ұйымдастырып, іске асыратындығына байланысты. Біздің еліміз жағдайында табиғатқа көзқарас, оны аялау, қорғау, сақтау мәселесіне жете көңіл бөлінбей келгені өкінерлік жағдай. Қандай мөлшерде, қаншаға түссе де ең алдымен өндірістік жоспарды орындау керек деген принцип табиғатқа, адам денсаулығына орны толмас зиян келтіріп келгенін айтпасқа болмайды. Арал теңізі, Семей, Капустин Яр полигондарына байланысты жайлар, аймақтық мәселе емес ғаламдық дәрежедегі маңызды мәселеге айналды. Өйткені республика халқына, табиғатына, оның болашағына тигізген қайғы қасіретін бір мемлекет күшімен жою қиын, оған әлемдік деңгейде бірлескен шаралар жүйесі керек.

Қорыта айтқанда: ғылыми-техникалық прогрестің қоғамдық дамудың, оның әлеуметтік мәні мен мазмұнын жоя алмайтыны, бірақ оның дүниеде болып жатқан барлық құбылыстарға оның қайшылықтарына орасан зор ықпал ететіні табиғи, объективті процесс.

   Адам тарихи дамудың жемісі, барлық қоғамдық-экономикалық қатынастардың жиынтығы. Адам тек қана биологиялық жаратылыс емес,  қоғамдық құбылыс. Демек, адам дамуын қоғамдық қатынастардан жеке дара бөліп алуға болмайды. Өйткені адам барлық игілікті өндіруші және пайдаланушы, сондай-ақ адамзат өмірін жалғастырушы. Игіліксіз өмір жоқ. Игілікті шығаратын орта – қоғам әдісінің екі жағы бар: өндіргіш күш және өндірістік қатынас. Адам екі жағына да қатысты.

Адам - өндіргіш күштік ерекше, ең басты элементі. Өйткені еңбекшілер болмаса, ешқандай еңбек құралы жасалынбайды, өндіріс ұйымдастырылмайды, дамымайды, қандай да прогресс болмайды. Адамсыз қоғамдағы іс-қимыл жоқ. Ғылыми-техникалық прогрестің ең озық деген нәтижелері өлі, көмілген белестерге айналар еді. Адамның өндіргіш күштің басқа элементтерінен айырмашылығы — саналылығы және жасампаздығы. Бұл артықшылық адамның табиғи құдіретіне байланысты. Келесі айырмашылығы – адам өндіргіш күштің элементі ретінде қандай да бір нақтылы саяси-экономикалық формацияларда пайда болған жоқ.

Адам қоғамнан дараланған және тыс жатқан құбылыс емес. Ол өзін сақтап және келешек ұрпақты өсіріп, адамзат өмірін жалғау үшін игіліктерді шығарғанда бір-бірімен экономикалық байланыс қатынасын жасайды. Жекелеген қоғамдық-экономикалық формациялардың өндірісіне енеді, іс-әрекет жасайды, өндірісті дамытады, қоғамдық қатынастарды қамтиды және қалыптастырады. Меншік жүйесінен орын алады, өндірістік қатынастарды бойына дарытады. Сөйтіп еңбекшілер – қоғамдық қатынастарды табиғатына сіңірген, іске асыру үлгісі, сақтаушысы, иесі, таратушысы. Сонымен адам өндірістік қарым-қатынаспен етене бірігіп кетеді. Адам қоғамдық қатынастың субъектісі дегеніміз осы. Еңбектің сыйпаты мен мазмұны, ұйымдастыру, басқару, тиімділігін арттыру, жұмыс жағдайлары мен жұмыс уақыты, еңбек белсенділігін арттыру және т.б. саналуан адам факторына тиесі жағдайлар қоғамда әртүрлі болып келгені белгілі. Сондықтан өндіріс жүйесінде адам дамуының заңдылыктары әртүрлі қоғамдык құрылыстың дамуына сәйкес келеді, сонымен белгіленеді. Өндірісте адам факторының барлық қоғамға тән ортақ даму заңдылыктары бар. Олардың негізгілері: жиынтық қызметкерлердің, еңбекшілердің жалпы және кәсіптік білімінің өсуі, мамандық дәрежесінің көтерілуі, маманданған еңбектің нәтижелілігі мен тиімділігінін артуы, күрделі еңбектің басым болуы, кәсіптік құрамның және ой еңбегі мен дене еңбегінің ара қатынастарының игеруі, еңбек мазмұнын және жұмысшылардың өндірістегі атқаратын қызметтерінің өзгеруі, адам факторынын маңызының арта беруі және т.б.

Осы объективті заңдылықтарды оқып үйрену және іс жүзінде пайдалану, еңбек маңызын және еңбек белсенділігін экономикалық дамудың жалпы негіздерінің бірі ретінде тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Өндірістегі адам факторының дамуы және өзгеріске ұшырауы олардың еңбекке деген қабілетіне байланысты. Олай болса, еңбектің мән-маңызына және еңбек белсенділігін арттыру жолдарына үлкен көңіл аударып, оны жан-жақты қарастырған жөн.

 

Сұрақтар:

1.Өндіріс факторлары мен ресурстары

2.Өндіріс және ұдайы өндіріс. Өндірістің жалпы мәселелері

3.Өндірісті экономикалық ұйымдастыру және ресурстардың шектеулілілгі. Өндірістік мүмкінділіктерді талдау. Альтернативті және шекті шығындар

 

Әдебиеттер:

1.       Нарықтық экономиканың негіздері: Оқу құралы / Б.Жүнісов, Ұ.Мамбетов, У.Байжомартов. – Алматы: Респ. баспа каб., 1994.

2.       Экономикалық теория негіздері: Оқулық / Я.Ә. Әубәкіров және т.б. Алматы «Санат» 1998 ж.

3.       Борисов Е.Ф., Волков Ф.М. Основы экономической теории: Учебное пособие для сред.спец.учеб.завед. – М.: Высш.шк., 1994.

4.       Амбарцумов А., Стерликов Ф. Экономическая теория Economics в вопросах и ответах. – Киров: Вятка. – Ч.1. – 1994.

5.       Мәдешев Б. Нарықтық экономика теориясына кіріспе: Оқу құралы. Алматы: Экономика, 1995.